Көктемнің жаймашуақ күнінде, яғни 25 сәуір күні ауданымыздың биыл ғана ашылу салтанаты болған жап-жаңа Қаражар орта мектебінде негізгі мектептер арасында жол қозғалысының жас инспекторлары сайысы өтті. Ауданымыздың негізгі мектептерінен 6 мектеп қатысты: №37 Шұбар негізгі мектебі, Сарыкөл негізгі мектебі, Семеновка негізгі мектебі, Мортық негізгі мектебі, Қажымұқан негізгі мектебі, Жаңажол негізгі мектебі. Слет күн ұзаққа созылып, қызықты,тартысты өтті.
Біздің мектептен 10 оқушы қатысып, тобымыз белсенді болды. «Ақжолақ» ЖҚИ тобы саптық жүруде ережеге сай рапорт беріп, сапта жүру үлгісін шебер көрсетіп шықты. Топ командирі – 7-сынып оқушысы Жанбыршин Жанболат саптық шеруде арнайы алдын ала дайындалған пәрмендер бойынша мүлтіксіз алып шықты. Нәтижесінде «Ең үздік сапта жүру» номинациясы бойынша марапатталды. «Жол қозғалысының білгірлері» конкурсында 5 жас инспекторларымыз қатысып, 20 сұрақтың 8 сұрағына дұрыс жауап берді. Бұл да басқа топтармен салыстырғанда жақсы нәтиже болып есептелді. «Жас санитар» сайысында Серғазы Айжан дайындалып, топпен жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп, практикалық жұмысты бүкіл командалар алдында жоғары деңгейде қорғап шықты. Ал «велосипедшілер» конкурсында Туруспекова Ж. мен Алматұлы М. мықты шабандоз екендерін көрсетіп, әділқазылардың мақтауына ілікті. «Жас реттеуші» сайысында жол полициясының сұрағына бірден мүлтіксіз жауап берген Жанбыршин Ж. «Үздік жас реттеуші» номинациясымен марапатталды.
Дайындаған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Хазым Сәндігүл мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кадырова А.М. еңбектері жанды, жемісін көрді. Себебі Шұбар ауылы № 37 негізгі мектебінің «Ақжолақ» тобы жүлделі ІІ орынға ие болды. Оқушылар жақсы көңіл күйде қайтты. Көргені мен түйгені көп болды деуге болады.